ОТКЛЮЧИТЬ ИЗОБРАЖЕНИЯ: ШРИФТ: A A A ФОН: Ц Ц Ц Ц

"Теміртау қаласының халқын жұмыспен қамту орталығы" КММ
КГУ "Центр занятости населения города Темиртау"

МЕНЮ

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтары 2021 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 12,7 триллион теңгеден асты. Бәрімізге белгілі, бұл сома зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысты қамтиды.

2021 жылғы 1 қаңтардан 1 маусымға дейінгі бес айдың ішінде БЖЗҚ салымшыларының шоттарына 654,2 млрд теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс есептелгенін атап өту маңызды. Бұл өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 155 млрд теңгеге немесе 31% артық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша кірістілік жыл басынан бері 5,3%, ал инфляция 3,5% болды. Соңғы 12 айда инфляция 7,2%, кірістілік 11,7% көрсетті.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес апта сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау түріндегі кірістер, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Жалпы, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 5,3 трлн теңге болды. 2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 36,1% болды.

         Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алсақ, таза инвестициялық табыс 6,2 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 640,01% құрады. Ал инфляция 517,53% болды. Осылайша жинақтаушы зейнетақы жүйесі қолданысқа енгізілген сәттен бастап 2021 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңде зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 122,48% көрсетті.

         Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар, сондықтан инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.

         Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

         Ұлттық банктен басқа БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға аудара алады. Қазіргі уақытта БЖЗҚ төрт ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасады. Сіз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz веб-сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен көре аласыз.

           БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып есептелінеді.

           Айта кетейік, «Jýsan Invest» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері қызмет басталғаннан бері (2021 жылғы 15 наурыз) 4,7% деңгейінде табыстылық көрсетті. «Halyk Global Markets» АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің осы кезеңдегі табыстылығы-1,6%; «BCC Invest» АҚ – 2,3%. Бұл ретте инфляция осы кезең ішінде 3,5% құрады. «Сентрас Секьюритиз» АҚ зейнетақы активтерін 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап басқарады, осы уақыт ішіндегі инвестициялық табыстылық 2,5%, ал инфляция 3,5% болды.

© 2021 КГУ "Центр занятости населения города Темиртау"