ОТКЛЮЧИТЬ ИЗОБРАЖЕНИЯ: ШРИФТ: A A A ФОН: Ц Ц Ц Ц

"Теміртау қаласының халқын жұмыспен қамту орталығы" КММ
КГУ "Центр занятости населения города Темиртау"

МЕНЮ

5 сұрақ айдары

БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді

 

1) Сәлеметсіз бе! Жақында порталдардың бірінде зейнетақы жасына жетпей-ақ БЖЗҚ-дан ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдерді алуға болатыны туралы жаңалықты оқыдым. ЕЗЖ не екенін және төлемдерді 63 жасқа дейін қалай алуға болатынын толығырақ айтып бере аласыз ба?

 

Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) – бұл салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға салатын ақшасы. Оларды жеке тұлғалар өз пайдасына, жеке және заңды тұлғалар үшінші тұлғаның пайдасына аудара алады. Бұл ретте ЕЗЖ мөлшері мен төлеу кезеңділігін жеке немесе заңды тұлға дербес белгілейді. Осылайша, мысалы, маусымда Сіз өз шотыңызды 5 мың теңгеге, ал шілдеде 10 мың теңгеге және т. б. сомаларға толықтыра аласыз. Алайда болашақта лайықты зейнетақы төлемдерін алу үшін шотты тұрақты түрде толықтырып отыру қажет.

ЕЗЖ төлеудің артықшылықтарының бірі – жеке тұлға ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен жеке пайдасына төлеген кезде салық заңнамасында ЕЗЖ төленген сомаға салық шегерімінің көзделгендігі (яғни төленген ЕЗЖ-ға ЖТС салынбайды). Бұдан басқа, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық агенті (жұмыс беруші) өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ЕЗЖ корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына төлеген ЕЗЖ сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы да негіз бола алады. Осылайша, Сізге Қордың кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ЕЗЖ есебінен төлем алуға болатын жасқа қатысты, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететiн немесе кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетiн немесе дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған;

4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорындағы ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық кіріс сомалары шегінде кемінде бес жыл зейнетақы жинақтары бар адамдардың ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерiне құқығы туындайды.

Аталған баптың 1-тармағының 4) тармақшасы 2021 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енді. Осы жаңашылдыққа сәйкес ЕЗЖ бойынша төлемдерді ерікті зейнетақы жарналары зейнетақы жүйесінде кемінде бес жыл болған барлық адамдар ала алады. Осылайша, ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды мысалы, 25 немесе 35 жастан бастай отырып, тиісінше 30 немесе 40 жасқа толған кезде салымшылар өздерінің алғашқы төлемдерін ала бастайды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады. Бұдан басқа, жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі тағы бар, оның негізінде жұмыс беруші БЖЗҚ-ға ЕЗЖ-ны өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына тұрақты түрде аударатын болады.

 

2) Қайырлы күн! Мен Өзбекстан азаматымын, сауда саласында жұмыс істеймін. Қазақстандық зейнетақы жүйесіне қатысуға құқығым бар ма және жұмыс берушім мен үшін зейнетақы жарналарын төлеуге тиіс пе, соны білгім келеді?

 

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей зейнетақымен қамсыздандыру құқығын пайдаланады. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген жеке басын куәландыратын құжаты (шетелдіктер үшін – шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, азаматтығы жоқ адамдар үшін – азаматтығы жоқ адамның куәлігі) болған кезде Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.

Егер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында өзге де заңды негізде болған болса, онда олар Қазақстан Республикасында уақытша тұратындар қатарында есептеледі және Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырылуға құқықтары жоқ, оның ішінде БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлеуге құқықтары жоқ болып табылады.

Осылайша, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға құқықтары бар. Міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтініш беруге келетін болсақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап МЗЖ есепке алу үшін БЖЗҚ-да ЖЗШ ашу автоматты режимде жүзеге асырылады, тиісінше, жеке тұлғалардың оны ашу үшін БЖЗҚ-ға жүгіну қажеттілігі жоқ. Жеке тұлғаның БЖЗҚ-да МЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-сы болмаған жағдайда, ол агент БЖЗҚ-ға жеке тұлғаның электрондық төлем тапсырмасында көрсетілген деректемелеріне аударған, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамынан келіп түскен МЗЖ-ның бастапқы сомасы негізінде ашылады. Осыған байланысты БЖЗҚ-да МЗЖ есепке алу үшін жеке тұлғалардың ЖЗШ ашу туралы өтініші талап етілмейді.

 

3) Мен екінші жыл зейнеткермін, бірақ жақында мен қайтадан кішігірім жұмыс таптым. Енді менің жұмыс берушім менің жалақымның 10%-ын БЖЗҚ-ға аудара ма деген сұрақ туындады. Өйткені, мен сіздерден зейнетақы төлемдерін алып жүрмін ғой.

 

Жоқ, жұмыс беруші сіз үшін БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аудармайды. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабы 2-тармағының ережелеріне сәйкес зейнеткерлік жасқа толған тұлғалар БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.

 

4) Шамамен бес жыл бұрын мен БЖЗҚ-да зейнетақы шотымды аштым. Бұл жұмысым үшін қажет болды, бірақ бір апта да жұмыс істеместен, мен ол жерден кетіп қалдым. Менің білуімше, осы жылдар ішінде зейнетақы шотым толтырылмады, сондықтан шотым жабылып қалды ма? Маған қайтадан зейнетақы шоты қажет болып жатса, не істеуім керек? Сіздің кеңсеге барамын ба?

 

Сізде зейнетақы жинақтары жоқ нөлдік шотыңыз болған жағдайда, ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап мұндай жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) 1 (бір) ай мерзімі өткеннен кейін жабылады.

Осылайша, БЖЗҚ-да бұрын ашылған ЖЗШ-лар жабылады, оның ішінде адам жұмысқа тұрып, шот ашуға өтініш берген немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасай алмаған жағдайларда, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары болған және зейнетақы жинақтарының барлық сомасын төлеу мен аудару жүзеге асырылған және төлем не аударым жасалғаннан кейін 1 (бір) ай ішінде зейнетақы жарналары түспеген ЖЗШ да жабылады.

Болашақта ЖЗШ ашу үшін БЖЗҚ-ның қызмет көрсету кеңселеріне келудің қажеті жоқ. 2019 жылдан бастап БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) есепке алатын ЖЗШ ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті ресімдеу мақсатында БЖЗҚ-ға жүгіну талап етілмейді. Егер шот жоқ болса, онда ол алғашқы жарна келіп түскен кезде БЖЗҚ ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. Жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады, ал қолданыстағы құжат пен өзге де деректемелер туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.

 

5) Қайырлы күн! Бәрімізге белгілі, ағымдағы жылдың басынан бастап біз, БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинақтарымыз есебінен жылжымайтын мүлік сатып ала аламыз. Менің жағдайымда 5,5 миллион теңге сомасындағы «зейнетақым» маған пәтер сатып алуға көмектесуі тиіс еді, бірақ сатушы күтпеді және оны басқа клиентке сата салды. Қазір менің ақшам «Отбасы банкте» «тұрып қалды», енді пайдаланылмаған ақшамның тағдыры не болады? Олар БЖЗҚ-дағы менің шотыма қаншалықты тез қайтарылады? Мені қандай шығындар күтуі мүмкін?

 

Біржолғы зейнетақы төлемі «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ уәкілетті операторындағы арнайы шотқа түскеннен кейін алушы 45 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес) уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды ұсынады.

Уәкілетті оператор растаушы құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, бұл қаражат салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуы тиіс.

Сонымен қатар, аударылған соманы сіз «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға тиісті өтініш беру арқылы қайтара аласыз, оны банк алушыдан қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.

Салымшы сұраған зейнетақы жинақтарының сомасы БЖЗҚ-дан уәкілетті оператордың арнайы шотына аударылғаннан кейін 45 жұмыс күні ішінде бұл сома инвестициялық басқаруға қатыспайтынына және тиісінше оған инвестициялық табыстың есептелуі тоқтатылатынына назар аударамыз.

Егер ықтимал шығындар туралы айтатын болсақ, мысалы, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің 2020 жылғы жылдық табыстылығы 10,92% құрады. Осы деректерді негізге алсақ, 45 жұмыс күні ішінде мақсаты бойынша пайдаланылмаған 5,5 млн теңге мөлшеріндегі біржолғы зейнетақы төлемінің орташа сомасын уәкілетті оператордың арнайы шотынан БЖЗҚ-ға қайтару кезінде салымшы толық алмаған инвестициялық табыстың мөлшері шамамен 100 мың теңге болуы мүмкін.

Бұдан басқа, арнайы шотқа аударылған зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейін ескере отырып, олардың сақталуы бойынша мемлекеттің заңда көзделген кепілдігі қолданылмайды. Сондай-ақ, БЖЗҚ-дан берілетін біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларынан салымшы таңдаған және оның өтінішінде көрсетілген әдіске сәйкес жеке табыс салығы (ЖТС) есептеліп, ұсталады.

Осыны негізге ала отырып, БЖЗҚ-ға қаражатты қайтару, инвестициялық табысты және мемлекет кепілдігін жоғалту, сондай-ақ, ЖТС-ты мерзімінен бұрын есептеу жағдайларын болдырмау үшін салымшыларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалануды жауапкершілікпен және мұқият жоспарлауды ұсынамыз. Өтінім бергенге дейін зейнетақы жинақтарының мақсатты пайдаланылуын растау үшін қажетті құжаттардың тізімін мұқият зерделеп, оларды уәкілетті операторға уақытылы ұсынуды қамтамасыз еткен жөн.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

© 2021 КГУ "Центр занятости населения города Темиртау"